Аудандық музейде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Отан үшін от кешіп, ерлігімен ел есінде қалған сұрмерген, 316-шы атқыштар дивизиясының жауынгері, халқымыздың қаһарман ұлы – Әбіл Нүсіпбаевтың ерлік жолына арналған «Құралайды көзге атқан» атты тағылымды кездесу өтті. Іс-шараға батырдың немерелері – Нүсіпбаев Мұрат Бақтыбайұлы мен Нүсіпбаев Бауыржан Саматұлы шақырылды. Сонымен қатар Т.Нүсіпбаев атындағы негізгі мектептің 7 «А» сынып оқушылары да қатысып, рухани шарадан мол әсер алды. Кездесу барысында алғаш сөз алған Мұрат Бақтыбайұлы атасының жастық шағы мен соғысқа дейінгі өмірі, отбасы жайлы әңгімелеп, туған жеріне, елінің тыныштығына адал болған азамат туралы тың деректермен бөлісті. Ал Бауыржан Саматұлы батыр атасының майдандағы ерліктерін, мергендік мектебін, жауынгерлік тағдырын кеңінен баяндап, жүрекпен жеткізді. Әсіресе, Бауыржан мырзаның архивтік деректерге сүйене отырып жасаған мазмұнды баяндамасы мен тарихи шындыққа негізделген естеліктері оқушылардың көңілінен шығып, зор әсер қалдырды. Ол Әбіл Нүсіпбаевтың шынайы бейнесін жас ұрпаққа таныстыра білді.
Оқушылар назарына батырдың өмір жолынан сыр шертетін құнды фотосуреттер мен тарихи құжаттар ұсынылды. Іс-шара барысында 7 сынып оқушысы Бақыт Сымбат атасы Байжігітов Бақыт Оразайұлы шығарған «Сұрмерген Әбіл» атты арнау өлеңін оқып, рухты көтерген әсерлі сәт сыйлады.
Сұрапыл соғыста асқан ерлік көрсетіп мүлт кетпес мергендік қаруымен жауды жапыра жайпаған және өз өмірін сол жеңіс жолында пида еткен Әбіл Нүсіпбаев 1914 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылында туған. 1936 жылы әскери қызметке шақырылып, Қазақтың таулы атты әскер полкінің взвод командирі ретінде Қиыр Шығыста шекара тыныштығын қорғаушылар сапында қызмет атқарады. Халкин-гол өзені бойындағы совет-монғол әскері мен Жапон қарулы күштерінің арасындағы шайқасқа қатысқан. 1939 жылы жапон самурайларымен әскери қақтығыстарды басуда ерекше тапсырманы орындағаны үшін қазақ жауынгерлерінің ішінен бірінші болып «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. 1940 жылы ОСОАВИАХИМ-нің (ДОСААФ) Қызыл армияға мергендер және пулеметшілер дайындайтын Алматыдағы атқыштар клубында нұсқаушы болып жұмыс істеді.
Кездесуде ерекше көзге түскен Нүсіпбаев Бауыржан Саматұлы – атасының даңқты ерлігін насихаттаушы, тарихи деректерді жинаушы ғана емес, сонымен қатар жас ұрпаққа үлгі боларлық тұлға. Ол елін сүйген, ерін құрметтеген нағыз азамат екенін дәлелдеді. Әбіл атасының ерлігін құр сөзбен емес, жүректен шыққан ілтипатпен жеткізді.

